1961 жылдың 12 сәуірінде таңғы сағат 9-дан 7 минут өткенде Кеңес Одағы қазақ жеріндегі Байқоңыр ғарыш айлағынан әуе кеңістігіне «Восток» кемесін аттандырды. Ол кемеде әлем тарихындағы орбитаны бойлай ұшқан тұңғыш ғарышкер, аға лейтенант Юрий Алексеевич Гагарин болған еді. Жерден мыңдаған шақырым алыс ұшқан оның сапары дәл сол кезең үшін рекордтық көрсеткіш болды. Сапар 1 сағат 48 минутқа (108 минут) созылды. «Восток» кемесі 302 км биіктікте Жерді бір айналып шықты да, сағат 10-нан 55 минут өткенде, Саратов облысындағы Смеловка ауылына жақын маңға қонды. Осы аңызға айналған сапары үшін ғарышкер Кеңес Одағы Батыры атағын алды. Оның ерлігі бүкіл адамзат баласының сан мыңдаған жылдар бойғы арман-тілегін жүзеге асырды. Осы оқиғадан кейін ғылыми-техникалық революцияға ерекше серпін беріліп, спутниктік телевидение, интернет, ауа-райын бақылау, бағдарлау секілді заманауи өмірдің игіліктеріне жол ашылды. Осы сағаттан бастап, 12 сәуір Кеңес Одағының Жоғарғы Кеңес Төралқасының қаулысымен мемлекеттік мереке - ғарышкерлер күні болып белгіленді. 1968 жылы қарашада өткен Жалпы Халықаралық авиация федерациясының 61-конференциясының қаулысына сәйкес, дәл осы күнді Халықаралық авиация және ғарышкерлер күні ретінде атап өту туралы шешім шығарылды.