2025 жылдың 01 тамызынан "Мектепке жол" республикалық акциясы басталады. Науқан 2025 жылдың 30 қыркүйегіне дейін жалғасады. Акцияның мақсаты: аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім балаларға, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық қолдау көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмеуінің алдын алу.
Әр мектепте әлеуметтік көмекке мұқтаж балалардың арнайы жеке тізімдері құрастырылады. Білім беру ұйымдарында "Жедел желілер" үздіксіз жұмыс жасайды. Акция аясында әр бір өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасының балалары көмек алады. Өз кезегінде, барлық бей-жай қарамайтын азаматтар, кәсіпкерлер, меценаттар акцияға қосылып, мұқтаж жандарға көмек көрсете алады.
Айта кетейік, "Мектепке жол" акциясы жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында өткізіледі. Өткен оқу жылында «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік осал отбасылардан шыққан оқушыларға көмек берілді. Балаларға мектепке дайындалуға көмек көрсетуге ниет білдіргендер байланыс телефоны 87163124534 бойынша немесе тікелей мектептерге жүгіне алады. Әр бала мектепке сеніммен және қуанышпен баруы үшін күш біріктірейік!