Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауын жасады. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын бұл жолғы Жолдау негізгі 10 міндетті анықтап берді. Бұл Жолдаудың мәні ерекше деп қабылдауға болады. Елбасымыз бүгінгі күннің өзекті мәселелерін қозғап, алғы бағыттарымызды айқындады. Осы Жолдауға орай мұғалімдердің көзқарасымен қарап, өз ойымды ортаға салғым келеді. Мысалы, осы мұғалімдердің еңбекақысын арттыру - сала мамандарын ынталандырып, оқу сапасына да әсер ететіні анық. Сондықтан бұл тұрғыда ұстаздардың мәртебесін көтеруге айрықша мән беріліп отырғаны түсінікті жағдай. Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін мейірімді абзал жандар. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.
Елбасының тапсырмалары толық орындалған жағдайда, бұл салаға жастардың көптеп тартыла бастайтынын болжаға болады деп ойлаймын.